ШЫМКЕНТТЕ «ҰЛТ ҮНІ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 29 жылдығы қарсаңында «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында ұйымдастырылған «Ұлт үні» керуен-байқауы өз мәресіне жетті.

Қорытынды жиынға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан байқау жеңімпаздарын марапаттады.

— Шымкенттегі 1 миллион 50 мыңнан астам тұрғынның 32,5 пайызын этнос өкілдері құрайды. Қаламызда этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға лайықты жағдай жасалған. 16 этномәдени бірлестік осы бағытта жұмыс істеп, ұлттық құндылықтарын дәріптеумен қатар, мемлекет құраушы қазақ халқының мәдениетін құрметтеп, мемлекеттік тілді меңгеруге деген ықылас-ынтасы күн санап артып келеді. Байқауға қатысқан әрбірінің көрсеткен өнері жоғары баға алуға лайық деп санаймын, -деп атап өткен Шыңғыс Жұмабекұлы қатысушыларға өз алғысын білдірді.

Этнос өкілдері арасында өткен байқаудың мақсаты мемлекет құраушы қазақ халқының тілін, мәдениетін, өнерін, салт-санасын, тарихы мен әдебиетін насихаттау, олардың біріктіруші әлеуетін тиімді пайдалана отырып, барлық этнос өкілдерін қазақ халқының маңайына топтастыру болды. Додада 80-нен астам концерттік нөмірлер ұсынылды.

Керуен-байқау қазан айында бастау алып, алдымен іріктеу кезеңі өткізілді. Үздік деп танылған 22 концерттік нөмір таңдап алынып, өнерпаздар тобы қараша-желтоқсан айларында Шымкент қаласының Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында этнос өкілдері жинақы тұратын аумақтарда өнер көрсетті.

Байқауға қатысушылар әлем халықтары мойындаған ұлылар Әбу-Насыр әл-Фараби мен Абайдың еңбектерін, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндерін кеңінен насихаттап, олардың шығармаларын орындау шеберліктері арқылы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін көрсетті. Онымен қоса қазақ халқының салт-дәстүрлері мен өнерін, мәдениетін дәріптеуге үлес қосты.

«Ұлт үні» керуен-байқауының нәтижесінде: Бас жүлде — Зкруллаев Нематилло (өзбек этносы, Абай ауданы), I орын — Ким Павел (кәріс этносы, Абай ауданы), II орын — Умаров Умид, Рахимшиков Умар (өзбек этносы, Еңбекші ауданы), III орын — Тұрсынова Гүлханым (түрік этносы, Еңбекші ауданы).

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*