Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласында ашылған «SHANYRAQ» отбасы институтын қолдау орталығы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен көп балалы аналардың өмір сапасын жақсарту үшін нәтижелі жұмыс істеп келеді.
Осы мақсатта бүгінде орталық қаладағы көмекке мұқтаж тұрғындармен тұрақты жұмыс жүргізіп, олардың сұранымына қарай мәселелерін шешуге атсалысып отыр.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «SHANYRAQ» отбасы институтын қолдау орталығында келесі атқарылған игі іс — пәтер кезегінде тұрған көп балалы аналар тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдерімен кездесті.
Жиында түрлі санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту үшін қолға алынып отырған мемлекеттік бағдарламалардың шарттары түсіндірілді.
Айта кетейік, бүгінде халықтың мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қолжетімді баспаналы болудың мүмкіндігі мол. Тұрғын үй құрылысы қарқын алған Шымкентте халықты баспанамен қамту шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып отыр. Сала мамандары баспана кезегін күткен көпбалалы аналармен жеке әңгімелесіп, тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдіктері туралы кеңінен мағлұматтар берілді.