Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Татьяна Бурмистровамен кездесу кеші жалғасуда. Күні кеше әншімен кездесу Шымкент қалалық өзбек драма театрында өтсе, бүгін Шымкент қалалық мәдениет үйіне қарасты «Қызылжар» мәдениет үйінде өтті.
Қазақтың қара домбырасын шертіп, күміс көмей даусымен қазаққа танымал болған Татьяна Николайқызы 2003 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Алматы қаласындағы «Ұлттық өнер» мәдени орталығының басшылық қызметін атқарып, Республикалық «Айтыс» байқауында қазақ халық әндерін орындаушы ретінде жеңімпаз атанған. Он жастан бастап домбыраны қолына алған әншінің Естай Беркімбаев, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев сөздеріне жазылған әндемен қатар, қазақтың халық әндері, бұрынғы композиторлардың шығармалары, өсиет ретінде айтылған термелері бар.
Шығармашылық кеш шымылдығы әншінің әсем әуенімен ашылып, әдемі естелік әңгімеге ұласты. Әнін сағынған тыңдарман, елін аңсаған әншінің ықыласы ерекше болды. Иығына шапан, басына ақ жаулық жабылып сый құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, Татьяна Бурмистрованың шығармашылық кеші ертең Қарабастау тұрғын алабы, №99 мектеп-гимназиясында сағат 12.00-де жалғасатын болады.