Тәуелсіздік күні қалалық перинаталдық орталықта босанған аналарға ерекше құрмет көрсетілді. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мереке күні өмірге ұрпақ әкелген аналарды арнайы құттықтап барды. Бүгін аталған перзентханада 4 ұл, 4 қыз бала өмірге келген.
Мереке күні босанған аналардың әрбіріне гүл сыйлап, нәрестелерге қажетті бұйымдар мен ойыншықтарды тарту етті.
– Өмірге келген әрбір нәресте мен аналарының денсаулықтары мықты болуы керек. Мерекеде туған сәбилер аман-сау болуымен қатар, ел азаматы болып өсуіне тілектеспін, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Қаланың бас дәрігері Бақытжан Позиловтың айтуынша, демографиялық өсім жағынан Шымкент елімізде алдыңғы орында тұр. Демографиялық дүмпу бірінші кезекте туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты. Үшінші мегаполисте биыл жыл басынан бері 28605 сәби дүниеге есігін ашқан. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда үш мың балаға артық. Ағымдағы жылдың он бір айында дүниеге келген сәбилердің арасында егіздердің де өсуі байқалады. Биыл жыл басынан бері 274 егіз және 6 үшем дүниеге келген.