Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «ҮЗДІК ЖАСТАР — 2020» премиясын салтанатты табыстау рәсімі өтті.
Ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай Шымкент қаласының көркеюіне үлес қосып, түрлі салалар бойынша жетістіктерге жеткен жастар 29 номинация бойынша марапатталды.
Марапаттау шарасына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева, сондай-ақ, номинация иегерлері, олардың отбасы мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған Мұрат Дүйсенбекұлы үздік жастарды жеңісімен құттықтап, еңбекте толағай табыстарға, биік шыңдарға жете беруге тілектестігін білдірді.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Шымкентті жастардың қаласы екенін жиі айтып жүреді. Қазіргі таңда қала тұрғындарының 30 пайызға жуығын жастар құрайды. Бүгінде жастарға мемлекет тарапынан қомақты қолдаулар жасалуда, түрлі гранттар беріліп жатыр. Сонымен қатар әр саладағы жастар тұрғын үймен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылғы жыл «Волонтер жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл ретте, шымкенттік жастар пандемия жағдайында атаулы жылға орай қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, қаламыздың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосты, шаһар тазалығына да ерекше атсалысты. Елге қызмет ету тек білімді ғана емес, намысты да талап етеді. Жас ұрпақтың ар-намысы жоғары болса, мемлекетіміздің мәртебесі биік болады. Сіздерді бүгінгі жеңістеріңізбен құттықтаймын! Еліміздің ертеңі – өздеріңіз!, — деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Дәстүрге айналған «Үздік жастар» байқауы биыл 10-шы рет аталып өтілді. Іс-шараның негізгі мақсаты — қаламызда мемлекеттік жастар саясатының дамуына, елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, зор үлес қосқан жастарды марапаттау, сондай-ақ қоғамның түрлі салаларындағы жастарға қолдау көрсету, жетістіктерін насихаттау және жастардың отаншылдық рухын көтеру.
«Үздік жастар — 2020» премиясының ережесіне сәйкес, 29 номинация бойынша 14-29 жасқа дейінгі 175 үміткер байқауға қатысып, іріктелді. Үміткерлерді іріктеу жөніндегі байқау комиссиясының шешімі бойынша 29 жас өз салаларында үздік деп танылды.
Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімінде номинация иегерлеріне қала әкімінің атынан диплом, арнайы статуэтка және 100 000 (жүз мың) теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетейік, марапаттау рәсімі барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізілді.