Шымкентте жаңажылдық шырша шамы жағылды. Биыл пандемияға байланысты мерекелік шараға санаулы бала ата-анасымен қатысты.
Әкімшілік-іскерлік алаңындағы жасанды шыршаның биіктігі 25 метр. Оны безендіруге жалпы ұзындығы 1200 метр қылқан жапырақ, 110 дана жарық шамдар мен 760 дана алтын шар, 800 метр жылтырақ жұмсалған.
Салтанатты шарада қатысушы ата-аналар қолдарындағы жарық шашқан шарларын өз балаларына ұсынды.
Бұл астарлы көрініс арқылы айтылмақ болған ойды ұйымдастырушылар: «Шар – Жер планетасының символы, ол біздің ортақ үйіміздің нәзік әсемдігін бейнелейді. Оны аялап, барынша ұқыптылықпен қарау – аса өзекті мәселе болып отыр. Осы ишаралы әрекеті арқылы үлкендер Жер-Анаға қамқорлықпен қарауды өз балаларына аманаттайды», — деп түсіндірді.
Салтанатты шараның соңында қатысушылар эстрада жұлдыздарымен бірге Шымкент туралы жаңажылдық әнді шырқады.
Айта кетейік, карантинге байланысты биылғы жаңа жылдық шара Оңтүстік телеарнасында тікелей эфир арқылы көрсетілді.