Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласында жоғары технологиялық медициналық қызмет дамып келеді.
Мәселен, кардиологтар осы жылдың 11 айында жүрегінде ақауы бар 2235 науқасқа жоғары технологиялық медициналық қызметтегі оталар жасаған. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Сондай-ақ 2020 жылы тірі донордан алынған 6 бүйректі алмастыру отасы жасалынған.
Басқарма мамандарының хабарлауынша, трансплантологиялық операцияларды жасайтын №1 қалалық клиникалық аурухана науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи медициналық құралдармен жабдықталған екен.
Аталған медициналық ұйымда 7 блоктан тұратын ота жасау бөлімі мен бүйрек пен бауыр алмастыратын гепатопанкреатобиларлық хирургия бөлімі орналастырылған.
Емдеу мекемесімен жыл сайын жүйелі түрде емдік іс-шаралардың инновациялық, жоғары технологиялық әдістері өндіріске ендірілуде.