Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.
– Шымкент қаласында III тоқсанда бітіруші, яғни, 9-11 сынып оқушыларын санитарлық талаптарды сақтай отырып 15 адамнан аспайтын аралас форматта оқыту жүргізіледі. Ал жыл басынан бері қаладағы білім ұйымдары 47 330 компьютерлік техникамен толығып, олардың жалпы саны 56 556-ға жетті. Одан бөлек, үшінші мегаполис еліміз бойынша қашықтан оқытуда үздік көрсеткішке жетіп, осы жылды «Күнделік.кз» электронды журналдар ақпараттық жүйесінде 1-орынмен қорытындылап отыр, – деді Жанат Арысбекқызы.
Басқарма басшысының сөзінше, педагогтарды жұмысқа қабылдау толық автоматтандырылып, «hr-process.kz» жүйесі арқылы іске асырылуда. Мәселен, арнайы іріктеуден өткен 438 мұғалімнің 127-сін үздік диплом иегері, 138-ін ғылым магистрі, 21-ін шет елде білім алған кәсіби білікті мамандар құрайды. Яғни, педагогтарды әңгімелесу арқылы педагогтардың өздері қабылдайды. Сонымен қатар қаламызда «Жас директор» атты шығармашыл, интеллектуалды және қаржылай сауатты басшылардың кадрлық резерві дайындалған.
Брифинг соңында Жанат Арысбекқызы негізгі мақсат білім сапасын көтеру екенін айрықша атап өтті.
Айта кетейік, Шымкент қаласында кешенді жоспар бойынша 2025 жылға дейін 63 882 орынға арналған 85 мектеп салынады. Оның ішінде 6 мега, 10 зияткерлік, 1 «Kazakhstan International school», 46 әлеуметтік қолжетімді және 22 ақылы жекеменшік мектеп болады.