Шымкентте қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес пандемияның күрделі кезеңіне қарамастан тұрғындардың жұмыспен қамтылуы қарқынды жүзеге асып отыр.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты негізінде өткен жылы 1196 адам техникалық және кәсіптік оқудан өтсе, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша 2000-ға жуық азамат білім алған. Оның ішінде 1394 адам жұмыспен қамтылды.
Екінші бағыт — жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 7722 адам қамтылған. Оның ішінде 74 адам шағын несие алса, 5000-ға жуық азаматқа 100,200 айлық есептік көрсеткіші көлемінде жаңа бизнес жобаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант берілген. Ал, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 2820 адам білім алды.
Халықты жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту аясында 9000-ға жуық адам уақытша жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар, жұмыссыз жүрген азаматтар «Жастар практикасы» мен әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыс орындарына тартылған. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қалалық жұмыспен қамту орталығы тарапынан 4776 адам жұмысқа орналасқан.