Шымкентте бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірқатар жобалар іске асырылмақ. Президент тапсырмасына сәйкес, шаһарда 2021 жылы спорт нысандарын дамыту бойынша 115 заманауи спорт алаңы салынады. Спорт алаңдары уоркаутпен айналысуға арналған спорттық жабдықтармен және дене жаттығуларына арналған аймақпен жарақтандырылады. Сондай-ақ, биыл Қажымұқан атындағы орталық стадион, кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі, №17 футболдан спорт мектебі ғимараттарын қайта құру жұмыстары жүргізіледі.
Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлардан хабардар етті.
2020 жылдың қорытындысы бойынша қалада дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен қамтылған азаматтар саны 324690 адам немесе қала тұрғындарының 30,6 %-ын құрады. 2019 жылға қарағанда 30202 адамға артты. 2021 жылы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар көрсеткішін 31 %-ға ұлғайту жоспарлануда. Қаланың демографиялық көрсеткіштерінің өсуі жағдайында 2021 жылдың соңына қарай спортқа 335 мың адамды тарту көзделуде.
Басқарма басшысының айтуынша, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда қаладағы 151 мектептегі 117 725 оқушылар арасында спорт түрлерінен (футбол, волейбол, баскетбол, шахмат) Шымкент жастар лигасын өткізу жоспарлануда. Лигаға 15 мыңға жуық жастар қатысады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі аясында 2021 жылы Шымкент қаласының дәрігерлік — дене шынықтыру диспансерін жаңғырту, Шымкент қаласының оқу-жаттығу процестері мен спорттық іс-шараларына қатысатын спортшылар үшін тамақтандыруды ұйымдастыру жобалары ұсынылып отыр.
Бүгінде қалада мемлекеттік жекешілік-әріптестік тетігі арқылы 5 спорт мекемесі жұмыс істейді. Ондағы жалпы шұғылданушылар саны — 1624.