Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Шымкент қаласында архив саласы бойынша мемлекеттік сақтауда тұрған 5 млн парақ архивтік құжатты цифрлық форматқа көшіру қолға алынбақ.
Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтеновке Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова 2021 жылға жоспарлар, перспективалары мен жаңғырту бағытындағы атқарылатын жұмыстары туралы есеп берді.
Оның мәлімдеуінше, мемлекеттік сақтауда тұрған шамамен 31 млн парақтық құжаттардың 80623 сақтау бірлігі (4 772 338 парақ) цифрландыруға жатады екен.
Құжаттар басымдығына қарай үш кезеңде цифрландырылады:
1) бірінші кезекте 3408 сақтау бірлігі (613 440 парақ) тұрақты сақталатын құжаттар;
2) екінші кезекте 54922 сақтау бірлігі (4 158 898 парақ) жеке және заңды тұлғалардың сұраныстарын орындау барысында жиі қолданылатын өз қызметін тоқтатқан өнеркәсіп кәсіпорындар мен ұйымдардың құжаттары;
3) 22293 сақтау бірлігі (1 253 827 парақ) басқарушылық құжаттар цифрландырылады.
Сондай-ақ Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің құжаттар қорын ұлғайта отырып, мемлекеттік сақтауға 6 000 бірлік қабылданатыны белгілі болды.