Шымкент қаласында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылдың соңына дейін геоақпараттық порталын іске қосу жоспарланған.
Геопорталда барлық картографиялық деректер жиналып, қаланың бас жоспарының жобалары орналастырылады.
Бұл жөнінде сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысы Берік Әшірбеков қала әкімі Мұрат Әйтеновке берген жылдық есебінде баяндады.
«Картаға қаланың әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымдарының әр объектісі туралы мәлімет енгізіледі.Нәтижесінде заңсыз құрылыс пен жер иелену фактілері түбегейлі жойылады. Сонымен қатар, геоақпаратты автоматтандыру арқылы жер қатынасы саласында сыбайлас жемқорлықты болдырмайды», — деді Б.Әшірбеков.
Геопортал – осы саладағы барлық мемлекеттік ақпараттық ресурстарды біріктіреді. Мысалы, құрылыс индустриясының қызметкерлері, геодезистер, топографтар мен энергетиктер, мелиораторлар және қала тұрғындары қаладағы кез-келген нысанның сипаттамасын портал арқылы ала алады.