Бұл туралы Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп беру кездесуі кезінде мәлімдеді.
— Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық орында емін-еркін жүріп-тұруына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында аудандағы 13 негізгі көшені аралау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 121 кемшілік анықталды. Олқылықтардың орнын толтыру мақсатында тиісті басқармалар мен мекемелерге хат жолданып, 9 кемшілік қайта қалпына келтірілді. Ал қалғаны аудан әкімі аппаратының тікелей бақылауына алынды, — деді Ғалымжан Молдабайұлы.
Дәл осы мақсатта жүргізілген жұмыстар нәтижесінде аудан аумағындағы коммерциялық және әлеуметтік нысандардың 680 пандусы стандартқа сәйкес орнатылмағаны анықталды. Аталған нысан иелеріне жеке-жеке тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.