ШЫМКЕНТТІК ТРАНСПЛАНТОЛОГ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ РЕКОРДТЫ ЖАҢАРТҚАН

Елімізде ағзасы жарамай, транспланталогиялық отаны қажет ететін науқастар саны көбеюде. Ал сол сырқаттанған науқастарға жаңа өмір сыйлайтын трансплантологтар елімізде ғана емес, ТМД елдері арасында саусақпен санарлықтай. Солардың бірі – Абылай Донбай.

Ол 11 жылдан бері медицина саласында жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері. Алтын қолды хирург 600-ден аса науқасқа операция жасаған. Хирургия бағытына инновациялық технологияларды ендіріп, трансплантология саласын дамытуда. Өзі басқарып отырған ауруханадағы білікті мамандармен бірге Абылай Әбдіжаппарұлы 2019 жылы бауыр трансплантациясы отасын 5 сағат 48 минутта жасап, қазақстандық рекордты жаңартты.

«Бүйрегі немесе бауыры жарамай қалып, шарасыз халге түскен науқастардың көзінен сөнген үмітті байқаймын. Сондықтан мұндай науқастардың өмірін аман алып қалу үшін күрделі ота жасап, үміттерін қайта жалғағым келеді. Науқастардың отадан кейін қуанышты жүзін көріп, одан әрі шабыттана түсемін. Өзім басқарып отырған № 1 қалалық клиникалық ауруханада жоғары мамандандырылған медициналық қызметтің сапасын арттырсам деймін. Алда жоспарым көп. Ең басты міндетім сырқаттанған жандарға медициналық көмек көрсету деп білемін», -дейді Абылай Донбай.

Бүгінгі күнге дейін білікті дәрігер жұмыс жасайтын №1 қалалық клиникалық ауруханасында бүйрек және бауыр трансплантациясы оталары сәтті жасалған. Сонымен қатар, медициналық туризмді дамыту мақсатында 23 шетел азаматына (Германия, Канада, Израиль, Румыния) бүйрек трансплантациясы жасалған. Одан өзге 166-шы бүйрек трансплантация отасы сәтті аяқталған.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*