Бүгін Шымкент қаласы Сайрам тұрғын алабында орналасқан Қызыр мұнарасы аумағы тазаланды. Тазалық шарасына Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бөлімі, қалалық туризм басқармасы, Shymkent Tourism center орталығының қызметкерлері, Шымкент аграрлық-техникалық колледж студенттері мен Сайрам тұрғын алабында орналасқан Ю.Сареми атындағы №107 мектеп-лицейінің ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Мухлиса Илхамжанова, тәлімгер: » Жас ұлан» ұйымына мүше оқушыларымен тазалық жасауға келдік. Оқушыларымызға барлығы мұнда дәретпен кіру керектігін, қасиетті орын екенін айтып келеміз. Әр аптаның жұмасында осында келіп, жинастырып, қарап тұруды шештік».
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Киелі жерлер географиясы» жобасына енген жалпыұлттық маңызға ие Қызыр мұнарасы бүгінде қараусыз күй кешіп отыр. Мұнараның айналасы қоршалғанымен, туризм саласының мамандары орнатқан QR коды бар тақтайша қиратылып, мұнараның маңайындағы консервацияланған жерлер де бұзыла бастаған.
Олжас Шынтаев, Шымкент қаласы Туризм басқармасының басшысы: «Туристік нысан, қаланың киелі орыны ретінде мұнара аймағының қараусыз жатқаны ойландырады. Бірінші кезекте туристерді тарту үшін алдымен аймақты таза ұстау үшін сенбілік ұйымдастыруды ұйғардық».
Сенбілік аясында жиналған жастарға Қызыр мұнарасының қасиеті, киелі жердің тарихы жайлы тарихшы ұстаз Миралим Мирхалдаров баяндаса,» Рухани жаңғыру» бөлімінің меңгерушісі Зауре Оралбаева бағдарламаның арнайы жобасы жайлы айтып берді.
Ендігі кезекте Қызыр мұнарасының тарихын зерделеп, реставрациялық жұмыстар жүргізу мақсатында тарихшы-археологтармен арнайы экскурсиялар жасау жоспарланды.
Айта кетейік, Шымкентте«ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІ» арнайы жобасы бойынша 7 нысан республикалық, 8 нысан жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген.
Шымкент қаласынан республикалық маңызы бар тізімге енген 7 нысанның барлығы да Сайрам тұрғын алабына кіреді. Алтауы қала құрылысы және сәулет ескерткіштерінің санатына енсе, қалған біреуі, яғни Сайрам қалашығы археологиялық ескерткішке жатады.