Шымкент қаласында зейнеткерлерге арналған «Асыл жүрек» әлеуметтік-медициналық орталығы бүгінде бір топта 15 адамға дейін 2 ауысымда қызмет көрсетуде. Карантин талаптарына сәйкес, күндізгі стационар негізінде жасақталған орталықта 65 жасқа дейінгі зейнеткерлер қамтылған.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков аталмыш орталықтың қызмет сапасын бақылап, жай-күйімен танысты.
Әлеуметтік-медициналық орталық қарияларға тәуліктің күндізгі уақытында арнаулы әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсетеді. Ғимарат медициналық тексеруден өту аймағы, интернет-кафе, емдік-уқалау, кинозал, кітапхана, тренажерлық және спортпен шұғылдану (йога, үстел теннисі, бильярд) сенсорлық кабинет, қол өнермен жұмыс жасау аймақтарымен жабдықталған. Арнайы дәрігер-терапевт зейнеткерлердің қан қысымын өлшеп, денсаулықтарын қадағалайды. Сонымен қатар қаланың демалыс орындарына саяхат ұйымдастырылады.
Қала әкімінің орынбасары орталықтың жұмыс сапасын бақылай келе, үй күтіміндегі жалғызілікті қарияларға да күндізгі стационарлық әлеуметтік-медициналық қызмет түрін ұйымдастыруды тапсырды. Осы мақсатта орталыққа қарасты әлеуметтік және медицина қызметкерлерінің жұмылдырылуымен 8 сағаттық қызмет көрсететін арнайы ғимарат жасақталатын болады.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 74 мыңнан астам зейнеткер бар. Орталықта қызмет қабылдағылары келген зейнеткерлер қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына өтінім қалдырулары қажет. Әрі қарай кезектік негізде емдеу-сауықтыру іс-шараларымен қамтылады.