ҚР Президенттігіне үміткер Қасым -Жомарт Тоқаевтың Шымкенттегі қоғамдық штаб мүшелері мен сенімді өкілдері «Шымкент цемент» және «Шымкент темір» кәсіпорнындарының қызметкерлерімен кездесті.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, қоғамдық штаб мүшелері Мұратәлі Қалмұратов, Қуандық Сұлтанғали, Марат Сейітов еңбек адамдарымен жылы жүздесіп, кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып, жұмысшылардың саяси науқан туралы ойларын тыңдады.
Штаб мүшелері «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрбіріміз үшін. Қазір және әрдайым» атты үміткердің сайлауалды бағдарламасының басымдықтарына тоқталып, жұмысшы құқықтары мемлекеттің қатаң қадағалауымен және күшті кәсіподақтармен қамтамасыз етілетін бәсекеге қабілетті және қауіпсіз еңбек ортасы құрылатыны жайлы баяндады.
«Ішкі еңбек нарығын қорғап, жұмысшылардың мүдделерін қамтамасыз ету үміткеріміздің сайлауалды бағдарламасында анық жазылған.
Мемлекеттік қолдау шараларына ие болу кезінде бизнестің көлденең міндеттемелерін белгілеу арқылы қызметкерлердің жалақысын көтеруді ынталандырамыз.
Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап инфляция деңгейіне байланысты ең төменгі жалақыны көтеру механизмі енгізіледі», деді штаб мүшесі Қуандық Сұлтанғали.
Сондай ақ, жиында жалдамалы еңбектің қашықтан жұмыс, икемді жұмыс уақыты, толық емес жұмыс күні, фрилансинг сынды жаңа нысандарын дамыту үшін еңбек заңнамасын ырықтандырылатындығы айтылды.
Кәсіпорын қызметкерлері Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына зор қызығушылық танытып, еліміздегі қордаланған мәселелерді шешу жөніндегі көзқарастарына қолдау білдірді.