Қоғамдық қабылдау бөлмелері партияның халық мүддесін қорғап, үнемі жанынан табылуын мақсат ету жолында үлкен рөл атқарып келеді. Халық қалаулылары, басқарма басшылары мен сала мамандары күнделікті азаматтарды қабылдап, көкейіндегі түйіткілді мәселелерін шеше алмай жүрген талай азаматтарға көмегі мен кеңесін беруде.
Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде халық қалаулысы Бақытжан Сейітжан мегаполистің оннан астам тұрғынын қабылдады. Қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақытжан Серікжанұлының жеке қабылдауына тұрғындар баспана жырын, жер дауын айтып, жұмыс іздеп, әлеуметтік көмек сұрап келді.
Мәселен, Қызылсай тұрғын алабының тұрғыны, көп балалы ана Анарбаева Гүлзия екі қолға бір күрек деп жұмыс сұрай келген, ал Аманкул Исахова тұрғын үй кезегінің жылжымауына наразы болса, Бахыт Жақыпов жер дауын көтеріп, бір топ көршілерін жинай келген.
Халық қалаулысы қабылдауға келген азаматтар өтініштеріне байланысты тиісті кеңесі мен тұщымды жауабын беріп, мәселелерінің оң шешімін табуына ықпал етті.