«AMANAT» партиясы мәслихат депутаттары мен Үкімет мүшелері арасында тікелей диалог орнатты
«AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы аясында делегаттар үшін панельдік оқыту сессиялары өтті. Іс-шараның спикерлері Үкімет мүшелері – министрлер мен вице-министрлер, модераторлары Мәжіліс депутаттары болды.
Қазақстан тарихында тұңғыш рет барлық деңгейдегі мәслихаттың 2,5 мыңнан астам депутаты басқосып, жалпы міндеттер мен алдағы жұмыс бағыттарын талқылап қана қоймай, бейінді министрге, орталық мемлекеттік органның басшысына өздерін қызықтыратын кез келген сұрақты тікелей қоюға мүмкіндік алды.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, әдетте мәслихат депутаттары Премьер-министрмен немесе басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездесе алмайтындығын жиі айтатын. Алайда нақ осы форумда оларға сондай мүмкіндік жасалды.
«AMANAT» партиясының да жаңаруы осылай басталады. Мәслихат депутаттары Үкіметке өз өңірлеріндегі ең өзекті және өткір мәселелерді тікелей жеткізе алды. Партия өз тарапынан, біріншіден, өкілді және атқарушы билік арасындағы байланыстырушы рөлін атқарса, екіншіден, Президент пен партияның сайлауалды уәделерінің толық көлемде орындалуын бақылауды күшейтеді. Бұл істе партиядан сайланған мәслихат депутаттары маңызды рөл атқарады. Біз халық алдындағы жауапкершілігімізді жақсы түсінеміз. Өңірлердегі халық қалаулылары жүйелі және қажырлы еңбек етуі керек. Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың сенімі мен үмітін ақтау», – деді ол.
Барлығы 11 панельдік сессия өтіп, оның жұмысына барлық деңгейдегі мәслихаттың 2,5 мың депутаты, «AMANAT» мүшелері қатысты. Олардың алдында Үкімет мүшелері: Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәдениет министрі Асхат Оралов, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сөз сөйледі.