Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) президенті Моринари Ватанабэ мен Азия гимнастикалық одағының (AGU) президенті Абдулрахман Әл-Шатриді қабылдады. Кездесу барысында Қазақстанда гимнастика спортын дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және әлемдік деңгейдегі спорттық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Президент халықаралық ұйымдардың Қазақстан гимнастика федерациясына көрсетіп отырған тұрақты қолдауына жоғары баға беріп, бұл серіктестіктің еліміздегі спорт саласының дамуына елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде гимнастика балалар мен жастар арасында кеңінен танымал спорт түріне айналып келеді. Соның нәтижесінде өңірлерде жаңа спорт залдары ашылып, халықаралық талаптарға сай жаттығу базалары қалыптасуда.

Қазіргі таңда Қазақстанда ұлттық құрама командалар дайындалатын әрі халықаралық жарыстар өткізілетін үш мамандандырылған гимнастикалық кешен табысты жұмыс істейді. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасымен Алматы қаласында Орталық Азиядағы ең ірі әрі заманауи Гимнастика орталығының құрылысы басталды. Бұл кешен жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге және жас спортшыларды даярлауға арналған маңызды инфрақұрылымдық жоба болмақ.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық спорт жарыстарын ұйымдастыруда мол тәжірибе жинақтағанына тоқталып, алдағы уақытта гимнастика бойынша әлемдік және құрлықтық деңгейдегі додаларды өткізуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ еліміздің спорт саласын дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.

Өз кезегінде Моринари Ватанабэ мен Абдулрахман Әл-Шатри Қазақстанда кәсіби және бұқаралық спортты дамытуға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды жоғары бағалады. Олар қазақстандық гимнасттар мен басқа да спортшылардың халықаралық ареналардағы табыстары елдегі жүйелі спорт саясатының нақты нәтижесі екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, тәжірибе алмасуды жандандыруға және Қазақстанда гимнастика спортын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді.