Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыелді қабылдады. Кездесу барысында еліміздің жетекші әуе тасымалдаушысының қызмет нәтижелері, авиация саласын дамыту перспективалары және компанияның ұзақмерзімді даму стратегиясы талқыланды.

Президентке Air Astana компаниясының операциялық және қаржылық көрсеткіштері жөнінде есеп берілді. Бүгінде компания Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі жетекші әуе тасымалдаушыларының бірі ретінде өз позициясын нығайтып, халықаралық бағыттар желісін кеңейту мен қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Кездесу барысында 2026–2027 жылдары Air Astana әуе паркін жаңа буындағы Boeing 787 Dreamliner ұшақтарымен толықтыру жоспары таныстырылды. Сонымен қатар компания Airbus A320neo және Airbus A321neo үлгісіндегі 50 ұшаққа, сондай-ақ Boeing 787-9 үлгісіндегі 15 әуе кемесіне тапсырыс бергені айтылды. Бұл әуе кемелерін жеткізу кезең-кезеңімен 2036 жылға дейін жүзеге асырылады.

Ибрахим Жанлыел Мемлекет басшысына компанияның ұзақмерзімді даму стратегиясын таныстырып, оның негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстанның өңірлік авиациялық хаб ретіндегі әлеуетін күшейту, халықаралық маршруттар санын арттыру, мультимодальді тасымалды дамыту және ұшу жиілігін көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ цифрландыруды жеделдету, заманауи технологияларды енгізу және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру басым міндеттердің бірі ретінде белгіленген.

Қасым-Жомарт Тоқаев әуе паркін жаңарту, бағыттар желісін кеңейту және еліміздің транзиттік әрі көлік-логистикалық әлеуетін күшейту стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Президент Қазақстанның халықаралық авиациялық байланысын дамыту мақсатында АҚШ және Жапониямен тікелей әуе рейстерін ашу мәселесіне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жолаушылар тарапынан жиі көтерілетін рейстердің кешігуі, әуе кемелерінің ауыстырылуы және қызмет көрсету сапасына қатысты мәселелерді шешудің маңызын атап өтті.