Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысы аясында Cameco Corporation атқарушы директоры Тим Гитцельді қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен әлемдегі жетекші уран өндіруші компаниялардың бірі саналатын Cameco корпорациясы арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

Президент Қазақстан мен Cameco компаниясының, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы арасындағы 30 жылдық табысты әріптестіктің нәтижелеріне жоғары баға берді. Мемлекет басшысы бұл серіктестік уран өнеркәсібін дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және Қазақстанның әлемдік ядролық отын нарығындағы көшбасшылық позициясын нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өнеркәсіпті жаңғырту, өндірісті технологиялық тұрғыдан дамыту және қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық беріліп отырғанын айтты. Президенттің пікірінше, шикізатты терең өңдеу мен жоғары технологиялық өндірістерді дамыту Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторларының бірі болып табылады.

Кездесу барысында толық ядролық отын циклін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы бұл бағыттың Қазақстанның өнеркәсіптік және энергетикалық әлеуетін күшейтудегі стратегиялық маңызын атап өтіп, ядролық отын өндірісінің барлық кезеңдерін ел ішінде дамыту ұзақмерзімді мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін жеткізді.

Тараптар атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, өндірістік кооперацияны дамыту және заманауи технологияларды енгізу мәселелерін жан-жақты талқылады.

Кездесу қорытындысында Президент Қазақстанның шетелдік стратегиялық инвесторлармен өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға және атом өнеркәсібіндегі халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады. Бұл бағыттағы бірлескен жобалар еліміздің индустриялық дамуына, жоғары технологиялық өндірістердің қалыптасуына және ұлттық экономиканың тұрақты өсіміне жаңа серпін береді.