Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады. Кездесу барысында мәдениет, ақпарат және әлеуметтік саясат салаларында жаңа Конституцияның ережелерін іске асыру барысы, сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары қарастырылды.
Президентке Аида Балаева жаңа Ата заң талаптарына сәйкес заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік ақпараттық саясатты жаңғырту, цифрлық кеңістікті дамыту және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар отбасы және жастар саясаты, волонтерлік қызметті қолдау, қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру бойынша жүзеге асырылып жатқан бастамалар жөнінде мәлімет берілді.
Кездесуде мәдениет саласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жаңа білім беру, ғылыми-ағартушылық және шығармашылық нысандарын құру, дәстүрлі өнерді қолдау, мәдени мұраны сақтау және шығармашылық салалар үшін жоғары білікті мамандар даярлау бағытындағы ұсыныстар талқыланды. Бұл бастамалар еліміздің мәдени инфрақұрылымын жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және мәдени әлеуетті арттыруға бағытталған.
Мемлекеттік әлеуметтік саясатты жүзеге асыру мәселелері де кездесудің негізгі тақырыптарының бірі болды. Премьер-министрдің орынбасары білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, спорт және туризм салаларын дамыту бағытындағы жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады. Сондай-ақ ведомствоаралық ықпалдастықты күшейту, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, адами капиталды дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің мәдениет, ақпараттық саясат, оқу-ағарту, әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау салаларында атқарған жұмысына оң баға берді. Мемлекет басшысы мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға және елдің орнықты дамуына ықпал ететінін атап өтті.